Ақ Берел өзенінде жаңа көпір салынады. Жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Жобаның жалпы құны 592 миллион теңгені құрап отыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бүгінде туризмнің төріне айналған Катонқарағай ауданында көрікті жерлердің қатары көп. Сол бір әсем табиғатқа алып барар жолдағы Ақ Берел көпірі өткен жылы қалың қардың кесірінен қисайып қалған болатын. Көпір 1938 жылы салынған. Бұл көпір туристерді Белуха шыңына жақындата түсетін еді. Жуықта Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері мен туроператорлар көпірді өз күштерімен жөндеп, қайта ашқан болатын.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде есеп берген Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев алдағы жылы Ақ Берелге жаңа көпір салынатынын айтты.
– Биыл ескі көпір жанынан жаңа өткел салынады. Жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Конкурс ұйымдастырылып, мердігер анықталады. Ол үшін қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Келесі жылы жұмыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады, – деді Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев.