Бүгінде Зайсан ауданында 10 елді мекен көгілдір отынмен қамтылған. Бұл аудан халқының 66 пайызы, шамамен 23,6 мың адам. Соңғы тоғыз жылда осы саладағы жобаларды іске асыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Облыс әкімімен кездескен аудан тұрғындары тағы сегіз елді мекенді – Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақас және Саржыра ауылдарын орталықтандырылған газ жүйесіне қосу туралы мәселе көтерді.
Бұл мәселе шешімін тапса, жоба 84 пайызға орындалып, тағы 6,3 мың адам көгілдір отынмен қамтылған болар еді.
Өңір билігінің өкілдері жұмысты ары қарай жалғастыру үшін газбен жабдықтаудың баламалы көзін анықтау қажет екенін алға тартты. Бұл мәселе Энергетика министрлігінің қарауына жолданғаны айтылды. Нақты шешім енді белгілі болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыс әкімі жұмыс сапарымен Зайсан ауданына барды.