Үлкен Нарын ауылында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің көшпелі отырысында жолаушылар тасымалын субсидиялау мәселесі қаралды.
– Тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау арқылы халық үшін тарифтің қолжетімді деңгейі қамтамасыз етіледі. 2025 жылға арналған субсидиялау жоспарына автомобиль, теміржол және әуе тасымалдары енгізілген. Өңірдің әлеуметтік маңызы бар маршруттық желісі 160 бағыттан тұрады, оның ішінде 157 – автомобиль, 2 – теміржол, 1 – әуе бағыты, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Оның айтуынша, субсидиялау 90 қалалық маршрутты қамтиды (Өскемен – 63, Алтай – 11, Риддер – 15, Зайсан – 1). Сонымен қатар, 32 қалааралық және ауданаралық, сондай-ақ 35 ауданішілік маршрут субсидияланады.
Субсидия төлемдері есебінен Өскемен және Риддер қалаларында қоғамдық көлік кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін тасымалдаушылар 195 жаңа автобус және 26 шағын автобус сатып алды.
Жыл соңына дейін тағы 35 автобус сатып алу жоспарланған. Осылайша, Өскемен қаласында автобустардың тозу деңгейі 60%-ға дейін төмендеді, ал Риддер қаласында толық жаңартылды.