Фото: Ақорда
Дүниежүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады. Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп алаңдаушылық білдірді.
– Бүгінгі жиын әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отыр. Мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттасақ та болады. Алайда бұл тұжырымды тарихшылардың еншісіне қалдырған жөн. Қазір осы жағдайға қалай жауап беретініміз маңызды. Алдымызда таңдау тұр: қандай шешім қабылдаймыз, қандай құндылықтарды қорғаймыз?!
Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызы. Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншы», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр. Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде, – деді Президент.