Зайсан ауданына жұмыс сапарымен келген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов халықпен ашық диалог форматында кездесу өткізді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Мемлекет басшысының тапсырмалары мен әлеуметтік-экономикалық реформалар аясында экономика өсімін және әртараптандырылуын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу мәселелері талқыланды.
«Өңірлік жалпы өнімдегі өнеркәсіптің үлесі 40% болатындығын және сыртқы ахуалдың әсерін ескере отырып, біз экономиканы әртараптандыру жұмыстарын жалғастырып келеміз. Экономиканың жыл сайынғы өсімін қамтамасыз ету үшін облыста өңірлік жобалық кеңсе құрылып, барлық қала мен аудандар бойынша бес жылдық экономикалық өсу нүктелерінің жоспарлары, сондай-ақ ауылдық округтерге арналған "Жол карталары" бекітілді. Әрбір аудан әкімімен 2025 жылға дейінгі KPI-ға қол жеткізуге бағытталған, нақты жобалар мен іс-шараларды қамтитын меморандумдар жасалды», – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында атап өтілгендей, Зайсан ауданының агроөнеркәсіптік кешені мен өнеркәсіп салаларында даму әлеуеті, сондай-ақ экономикалық және адами капиталы бар.
Биыл Зайсан ауданында, атап айтқанда, Дайыр ауылында минералды және алкогольсіз су өндіретін цех ( «ARNNA MINERALS» ЖШС) ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Зайсан қаласында ет өңдеу зауыты («Шығыс АС»ЖШС) және қызыл кірпіш шығаратын зауыт («Саялым» ЖШС) салу, сондай-ақ көкөніс пен жемістерді қайта өңдейтін цехты (ЖК «Ринат») іске қосу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Айнабұлақ ауылында кемпинг (ЖК Пушпаков Е.) салу және Қарабұлақ ауылындағы балық өңдеу зауытын («Zaisan-Balyq» ЖШС) қалпына келтіру көзделген.
Облыс әкімі Зайсан ауданының әкіміне ауданның даму жоспары аясындағы барлық іс-шараларды сапалы әрі уақытылы орындауды, сондай-ақ кіріс көздерін іздестіру мен салық базасын кеңейту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.