Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында еліміздің ядролық сынақтардан шеккен зардабына тоқталды.
– Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті, бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін. Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан бейбітшілік үшін Кеңес өкіметінен қалған ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқанын еске салды.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.