Өскемендегі үлкен жол айырықтың құрылысы қашан аяқталады?

ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты Бүгін, 09:23 0

Өскемен қаласында Сәтпаев пен Есенберлин даңғылдарының, сондай-ақ Жібек жолы мен Базовая көшелерінің қиылысында қала үшін маңызды көлік нысаны — көпдеңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жол айырық салу жұмысы үш кезең бойынша жүзеге асырылады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңадан салынып жатқан үш жолақты қозғалысы бар екі деңгейлі жол айрығының құрылыс барысын тексерді.

– Бұл жоба өңір орталығы үшін аса маңызды. Ол автокөлік жүргізушілеріне қозғалыс уақытын едәуір қысқартып, Базовая көшесі мен Меновное ауылын қоса алғанда төрт бағытта еркін жүруге мүмкіндік береді. Мұнда бес жолақты қозғалыс қарастырылған, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов

Жол айрығының ендігі өткізу қабілеті 2,5 есеге артады. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш тәулігіне 85 мың автокөлік болса, құрылыс аяқталған соң 200 мыңнан астам автокөлікті қамтиды.

Сондай-ақ, облыс әкімінің айтуынша, бұл жоба жол қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, құрылыс компаниялары үшін маңызды тәжірибе мектебі болмақ.

Аталған жол айрығы күрделі қиылысты толығымен жеңілдетуге, бағдаршамдарды айналып өтуге, жолда жүру уақытын қысқартуға сеп болады. 

Жоба үш кезең бойынша іске асырылуда. Бірінші кезеңде — қиылыстағы қозғалысты оңтайландыру мақсатында айналма жол салынып, оған жалғасатын жолдармен түйісу жүйеленеді. Қазіргі уақытта жол негізін дайындау мен жүріс бөлігін кеңейту жұмыстары толық аяқталған. Бұл шаралар көлік қозғалысы тығыз аумақта жол-көлік оқиғаларының алдын алуға сеп болады.

Екінші кезеңде Сәтпаев және Есенберлин даңғылдарының бойында жолайрық көпірлерінің құрылысы қарастырылған. Бұл мақсатта аталған көшелердің көлденең бейіні қайта жаңғыртылып, қажетті үйінділер тұрғызылады.

Үшінші кезеңде — Ертіс өзені үстімен өтетін қолданыстағы көпірдің астымен жаңа жол салу жоспарланған. Аталған учаске арқылы Сәтпаев даңғылында көпірді кесіп өтпей-ақ бұрылу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, бұл өз кезегінде Жеңіс даңғылы мен Қазақстан көшесі маңындағы көлік ағынын жеңілдетеді.

Жаңа жол екі жолақты болады және Орталық мешіттің автотұрағы ауданында аяқталады. Сонымен қатар, Сәтпаев даңғылына қосылатын ауыспалы жылдамдық жолағын салу көзделген.

Бүгінде негізгі дайындық жұмыстары аяқталған: электр желілері қайта орналасып, ескі әуе жүйелерінің орнына жаңа жерасты жылу магистралдары тартылған.

Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив