Шығыс жұрты өзбек ақыны Чори Аваздың шығармашылығымен танысты. Облыстық Пушкин кітапханасының төрінде өткен рухани кешке Өзбекстаннан келген қонақтар мен жергілікті руханият өкілдері қатысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«Сөзі мәңгілік ақын» атты әдеби кеш өзбек поэзиясының көрнекті өкілі, рухы мен сөзі мәңгілік ақын — Чори Аваз шығармашылығына арналды. Кешке арнайы Өзбекстаннан келген ақынның жары, қаламгер Зебо Омонова ханым қатысты. Ақынның жарымен бірге, сонау Өзбекстаннан келген Келдиёр Хужайеров («Fаvvora» киностудиясының жетекшісі, ақын жайлы деректі фильм авторы), Сирожиддин Рауф («Шығыс жұлдызы» журналының бас редакторы), Гүли Нигор Авазова (Зульфия атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақынның қызы), немересі Мехри Нигор құрметті қонақ ретінде кітапхана төрінен орын алды.
– Бұл кеш – ұлт пен ұлтты табыстырған, жүректерді жырмен жалғаған әдеби кездесуге айналды. Шарадан кейін қатысушылар естелік суретке түсіп, ақын рухына тағзым етті. Сөз – ұмытылмас, жыр – өшпес. Ақын Чори Аваздың мәңгілік сөзі халық жүрегінде өмір сүруін жалғастыра бермек, – дейді кітапхана қызметкері Жансая Ашкенова.
Кеш барысында Гүли Нигор Авазова әкесі туралы тебірене естелік айтып, жүрекжарды жырын оқыса, Мехри Нигор атасының өлеңінен үзінді оқып, көрерменді толқытты. Ақын жайлы жылы естеліктерімен бөліскен Келдиёр Хужайеров пен Сироджиддин Рауф мырза ақынның шығармашылығына арналған бірнеше өлеңін оқып берді. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері Чори Аваз өлеңдерінің қазақша аудармасын мәнерлеп оқыды.
Зебо Омонова ханым Чори Аваздың өмірі мен шығармашылығы, отбасындағы бейнесі, оқырманмен байланысын сақтау жолындағы еңбектері туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Шара соңында ақын, драматург, Өскемен қалалық мәслихат депутаты Әскерхан Ақтай сөз сөйлеп, Чори ақынның өлеңін қазақшаға тәржімалап оқып берді. Кітапхана ұжымы алыстан келген қонақтарға шапан жауып, сый-сияпат ұсынды. Кеш қонақтары да өздерімен алып келген кітаптарын кітапхана қорына табыстады.