Өндірістегі қауіп-қатерлерді талдап, болжауға мүмкіндік беретін және жұмысшылардың еңбек жағдайы мен қауіпті аймақтарды онлайн режимде бақылайтын бірыңғай цифрлық мониторинг платформасы енгізіледі. Аталмыш платформа жасанды интеллект негізінде жасалады. Бұл жөнінде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстандағы департаменті басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров айтты.
Биыл жаңа жүйе пилоттық режимде іске қосылып, бес ірі кәсіпорында сынақтан өтеді. Ал 2028 жылға қарай бұл цифрлық платформа қауіп-қатері жоғары барлық өндірістерде қолданылады деген жоспар бар.
Аймақта қазір 3786 кәсіпорынды қамтитын «Еңбек тәуекелдерінің картасы» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. 2025 жылдың 25 сәуіріндегі деректерге сәйкес:
– 31 кәсіпорын әлеуметтік тұрақсыздық қаупі жоғары санатқа жатқызылған;
– 49 кәсіпорын – орташа тәуекел деңгейінде;
– 3705 кәсіпорын – ең төменгі тәуекел деңгейінде.