Әлемдік нарықта мұнай арзандап жатқанына қарамастан Қазақстанда жанармай бағасы төмендемейді. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министр жанармай құны мен оны өндіретін шикізат бағасы арасында тікелей байланысты көрмейтінін айтты.
«Бүгінде елімізде халықаралық нарықпен ондай корреляция жоқ. Яғни мұнайдың бағасы қанша өзгерсе де – күн сайын, апта сайын, ай сайын – Қазақстанда бензин бағасы ішкі сұраныс пен ұсынысқа байланысты анықталады», – деді министр.
Бұған дейін Ақкенженовтің алдындағы энергетика министрлері жанармай бағасы өсіп жатқан кезде, оның себебін көбінесе мұнай бағасының өсуімен түсіндірген болатын. Ол кезде жанармай бағасы мемлекет тарапынан реттеліп тұрған еді.
Сәуірдің басында Brent маркалы мұнай төрт жылдағы ең төменгі деңгейге жетіп, баррелі 63 долларға дейін түсті. 23 сәуірдегі мәлімет бойынша, бір баррель мұнайдың бағасы 66 доллар болған.
7 сәуірде АҚШ энергетика министрлігі Brent маркалы мұнайдың 2025 жылға арналған орташа бағасы туралы болжамын күрт төмендетіп, 74,2 доллардан 67,87 долларға дейін азайтты.
«АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының» мәліметінше, 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 68 доллар болады деп болжанған, ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 61 долларға дейін төмендейді», - делінген олардың баспасөз хабарламасында.