Өскеменде 20 отбасына баспана берілді


ЖАҢАЛЫҚТАР 14-02-2025, 13:08 0

Өскеменде бүгін 20 отбасы қоныс тойын тойлайды. Есенберлин даңғылындағы «Көктем» тұрғын үй кешенінен жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға баспана берілді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Баспаналы болғандардың дені үй кезегінде 10-15 жыл тұрған. Кейбірі үйден үміт үзе бастағанын айтады. Мәселен, Сағымгүл Байжұманова баласымен бірге баспаналы болуды 18 жыл күткен. Өзі бала күтімінде болғандықтан жұмысқа да шыға алмаған көрінеді. Көп күттік, көп қиындықты еңсердік деген ана бүгін қуанышқа кенеліп жатыр.

– Тұрғын үй кезегіне 2008 жылы тұрдық. Содан бері күтіп келеміз. Баспаналы болсақ деген арманымыз бүгін орындалып жатыр. Осы іске атсалысқан азаматтардың барлығына алғысым шексіз. Пәтер көңілімізден шықты. Тіпті біз ойлағаннан да асып түсті, – деді Сағымгүл Байжұманова.

Тұрғындарға пәтер кілтін табыстаған Өскемен әкімі халықты баспанамен қамту бағдарламасы жалғасы беретінін атап өтті. Былтыр қала бойынша 200 баспана берілген. Биыл да бұл көрсеткішті төмендетпейміз, дейді қала басшысы.

– Тұрғындардың әр санатын баспанамен қамтып келеміз. Бүгін жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға пәтер кілті табысталды. Жалпы қала бойынша өткен жылы екі жүз баспана берілген. Биыл да осы қарқыннан танбаймыз, – деді қала әкімі Алмат Ақышов.

 

 

 


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив