Облыс орталығында құрылған экологиялық бюро өкілдері тұрғындармен кездесіп, экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі ұсыныс-пікірлерге құлақ түреді.
5 желтоқсанда «Өскемен тынысы» деп аталатын экологиялық бюроның алғашқы отырыс өткен. Бұл жиынға қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Танекенов төрағалық етті.
Мамандар енді 10 желтоқсанда сағат 9:00-ден 11:00-ге дейін қалалық әкімдікте (Пермитин көшесі, 17) тұрғындарды қабылдайды. Бұл жерде өскемендіктер экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салады.
«Қала тұрғындары өз ойларын қағаз бетіне түсіріп әкелесе де, электронды поштаға жібересе де болады», - деп мәлімдеді экологиялық бюро өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, «Өскемен тынысы» деп аталатын экологиялық бюро Қоғамдық кеңес жанынан құрылды. Жаңа ұйымның мақсаты – ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелердің шешімін іздеп, өскемендіктердің тұрмыс жағдайын жақсарту. Атап айтқанда, қаланың әр ауданында атмосфераға мониторинг жасайтын құрылғыларды орнату, оны калибрлеу, кәсіпорындардағы сүзгіні жақсарту, қолданыстағы шаралардың тиімділігін бағалау, жаңа ұсыныстар әзірлеу, тұрғындарға ауа ластануының қауіп-қатері мен оны азайтудың жолдарын түсіндіру үшін білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, экологиялық стандарттардың орындалуын бақылау. Мұндағы мамандар қаланың экологиялық жобаларын жүзеге асыруды жеделдету жұмыстарымен де айналысады.
Жаңа кеңесті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі, «ECOJER» Ассоциациясы ШҚО бойынша филиалының жетекшісі Елена Березинская-Әбілова басқарады. Алдағы уақытта бюро құрамына экологиялық, әлеуметтік және денсаулық сақтау мәселелерін шешуге көмектесетін түрлі сала мамандарын қосу жоспарланған.
сурет: news.myseldon.com