Ерлан Қарин қазақ еліне сүйінші жаңалық айтты


ЖАҢАЛЫҚТАР 5-12-2024, 11:15 0

сурет: kazgazeta.kz

Қазақ халқының ежелгі салттарының бірі – беташар ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енді.

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің facebook-парақшасында жазды.

«Жаңа ғана Парагвай астанасы Асунсьонда ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қазақтың ежелгі салттарының бірі Беташар Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді», - деді ол.

Беташардың мәні – келіннің бетін ашып елге таныстыру, әрі келінге келген жерін таныстыру.Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатысады. Мұнда «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді. Бет ашатын жігіт ән-жырды желдірте, көңілді жыр төгуі керек. «Келін келді, көріңіз, Көрімдігін беріңіз» – деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл-қалжыңдарын араластыра көрімдік сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарық қылады. Беташар – тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты жақсы дәстүрлердің бірі.

Адамдардың бәрін таныстырып шыққан соң, беташар соңы келінге ақ тілек тілеумен аяқталады. Беташар соңында қамшымен не домбыраның сабымен келіннің бетін ашады. Келіннің енесі келіп маңдайынан иіскеп, шашу шашылады. «Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық» деген сөз де содан қалған.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив