ШҚО: "КЭМОНТ" кәсіпорнының жұмысы қайта жандана ма?


ЖАҢАЛЫҚТАР 2-12-2024, 15:52 0

Облыс орталығындағы жоғары сапалы электротехникалық жабдықтар өндіретін "КЭМОНТ" кәсіпорнының жұмысы қайта жанданады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.

- "КЭМОНТ"АҚ біздің шаhарға әлі де өз пайдасын әкеледі. Кәсіпорынның әлеуеті зор. Тек оған қолдау көрсетіп, қазіргі өндіретін өнім көлемін сақтап қалу керек. Алдымен, облысты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етсек, кейін республикалық нарыққа шығуды жоспарлаймыз, - деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Кәсіпорын желтоқсан айында Өскеменнің 25 шағын ауданын электрмен жабдықтауды жоспарлап отырған көрінеді. 

Айта кету керек, осыған дейін аталмыш кәсіпорын өніміне сұраныс төмендеп, күрделі қаржылық жағдайға тап болған. Соның салдарынан қызметкерлерге жалақы кешіктіріліп, бірқатар тапсырыс беруші мекемелер алдындағы міндеттемелер орындалмай қалған. 

Қарыз мәселесі басшылық құрамның жалақысын қысқартып, жергілікті тапсырыстар санын ұлғайту арқылы біртіндеп шешіле бастады. Бүгінде сумен жабдықтау (шамамен 6 млн теңге), жылу (3,5 млн теңгеден астам) төлемдері мен электр энергиясының қарызы толықтай өтелді.

Қазіргі уақытта зауытта төрт ауысымда 248 адам жұмыс істейді. Күндізгі ауысымда үш бригада, тағы 1 бригада түнгі ауысымда кәсіпорын жұмысының тоқтамауын қадағалайды. 

-           Енді қызметкерлер әр айдың 10-ына дейін жалақыны уақытылы алып отырады. Ал бұған дейінгі жұмысшылар алдындағы берешек кезең-кезеңімен қысқартылады, - деп атап өтті "КЭМОНТ" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Болат Сыптаев.

Ағымдағы жылдың шілдесінен бастап барлық қызметкерлер арнайы киіммен қамтамасыз етіліп, зауыт асханасының жұмысы жандана бастаған. Қазіргі уақытта тамақтанудың 70% - ы жұмыс берушінің есебінен жүргізіліп отыр. 

Мекеме қызметкерлерінің айтуынша,  Құрылысшылар күні, Конституция күні және Республика күні мерекесіне орай сыйақы беріліп, жаңа оқу жылы қарсаңында 60-тан астам балаға оқу құрал табысталған.


Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив