Қазақстанда енді кейбір колледж студенттері онлайн оқуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлады.
– Бүгінгі күні еңбек нарығының талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін колледждер жүйесіне онлайн-оқытуды енгізу ұсынылады. Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған және студенттерге оқу мен еңбек қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беру көзделген, - деді Ғани Бейсембаев.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Қытай, Австралия және Ұлыбритания сияқты елдерде кездеседі. Бұл елдердегі онлайн оқыту білім беру процестерінің тиімділігін арттырған.
– Онлайн оқыту форматын енгізудің негізгі мақсаты – колледждерге сала сарапшылары мен озық технологияларды тарта отырып, білім беру бағдарламаларын икемді бейімдеу, ал студенттерге жұмысты үзбей-ақ нақты жағдайларда практикалық дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасау, - дейді Ғани Бектайұлы.