Қазақстан мен Ресей Алтай аймағындағы шекара мәселесі бойынша шешім қабылдайды


МАҢЫЗДЫ / ӘР САЛА 9-08-2024, 10:52 0

Ресейде үкімет мүшелері Алтай аймағындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараға байланысты шешілмеген мәселені талқылады, деп хабарлайды Ресей Президентінің ресми сайты.

РФ үкіметінің жиынында Ресейдің Экономикалық даму министрі Максим Решетников сөз сөйледі.

«Бізде әзірге Қазақстанмен арада шешілмеген бір мәселе бар. Ол – Мұзтау тауы. Бізге халықаралық құқықтық келісімге қол қою керек. Себебі ол тауға шығу үшін Қазақстан аумағынан өту керек, ал ол жақта шекара режимі жұмыс істейді. Біздің аймақ та ерекше бақылауда. Біз қазір бұл мәселені қазақстандық әріптестермен пысықтап жатырмыз»,-деді министр.

Максим Решетников Алтайда туризм жақсы дамып келе жатқанын жеткізді.

«Алтай, Таулы Алтай биыл ерекше жақсы нәтиже көрсетті, оған жыл бойына жұмыс істейтін «Манжерок» тау-шаңғы курорты жақсы әсер етті. Сонымен қатар Алтай өлкесінде «Бирюзовый катунь» деген атаумен белгілі ерекше экономикалық аймақ бар. Онда көптеген нысандар орын тепкен. Қазір әуежай дамытылуда. Бұл біздің еліміздің картасындағы жаңа әрі өте мықты нүкте. Жалпы, Алтай бұрыннан тартымды болатын, енді ол жаққа жайлы жағдай жасалып, ерекше қарқынмен дамып келеді»,-деді министр.

Ресей президенті Владимир Путин шекарадағы мәселені жетілдіру керек екенін және оған сыртқы істер министрлігінің құзырын да пайдаланған жөн екендігін жеткізді.

Мұзтау Алтай таулары мен Сібірдің ең жоғарғы нүктесі. Ол Шығыс Қазақстан облысы мен Алтай Республикасының Усть-Коксинский ауданының аумағында жатыр.

daryn

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив