Кендірлік өзеніне ГЭС салу жоспарланып отыр. Бұл туралы “Қазсушар” ШҚО бойынша филиалының директоры Нұржан Әміржанов айтты.
- Су инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы шеңберінде 2025-2028 жылдары Кендірлік өзенінде жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр, - деді Нұржан Әміржанов.
Құрылысқа дайындықтың маңызды кезеңі 2022-2023 жылдары «Институт Казгипроводхоз» ЖШС жүргізген көпфакторлы тексеру болды. Бұл тексеру нәтижесінде Қандысу су қоймасы үшін қауіпсіздік декларациясы әзірленді. Сонымен қатар, 2024 жылы Үйдене су қоймасында да ұқсас тексеріс жүргізілді.
2025 жылы Үйдене және Қандысу су қоймалары қайта жаңғыртылмақ. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.
Облыста 2,8 мың гектар жер су үнемдеу жүйелерімен суарылады. Биылғы жылы жаңбырлатып суару қондырғыларын дайындайтын «ERTIS BEREKE OSKEMEN» ЖШС ашылды. Кәсіпорын өнімдерінің алғашқы үлгілері Ұлан ауданының 185 гектар жеріне орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 408 гектар егіс алқабына 3 су үнемдеу машинасын орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Зайсан ауданында алғаш рет 470 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді.