Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Белоусовка, Опытное поле ауылдарындағы және Бабкина Мельница шағын ауданындағы«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошақтарының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Облыс әкімі Бабкина Мельница шағын ауданындағы мектептің құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Жоспар бойынша қыркүйек айында мектептің құрылысы аяқталу керек болатын, бірақ құрылыс алаңында мамандардың жетіспеуіне байланысты мектеп құрылысы баяу жүруде.
– Өткен айда келгенімде жағдай осындай еді, ештене өзгерген жоқ. Мердігер жұмыстың үш ауысымда жүргізіліп жатқанын айтады. Бірақ нәтиже көрінбейді. Сондықтан бұл мектептің құрылысын ерекше бақылауға алу керек, - дейді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 7 мектепті аяқтау жоспарланған.