Өскеменде 73 мыңнан астам бала спорт жаттығуларына барады


ЖАҢАЛЫҚТАР 5-08-2024, 13:00 0

Шығыс Қазақстан облысында 35 спорт кешені бар. Спорт кешендерінде шамамен 727 жаттықтырушы жұмыс істейді, 17 мыңнан астам спортшы жаттығады. 

– Қаңтар-маусым айлары аралығында спортшыларымыз облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда 3908 медаль жеңіп алды, оның 1411-і алтын. Одан бөлек, облыста 43 республикалық және бір халықаралық іс-шара өткізілді, - дейді "Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы" басшысы Асқар Можанов.  

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысында 6 мен 13 жас аралығындағы 107 мыңнан астам бала дене шынықтырумен және спортпен айналысады, оның ішінде 32 мыңға жуық бала ауылдық жерлерде тұрады. 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 28 мыңнан астам адам спортпен айналысады, оның алты мыңға жуығы ауыл тұрғындары. Спорттық жаттығуларға баратын балалар мен жасөспірімдердің саны Өскемен қаласы бойынша 73 713 адам, Самар облысы бойынша 2555 бала. 

Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәлімдеуінше, 28606 адам футболмен, 26232 адам волейболмен, 17943 адам жеңіл атлетикамен айналысады. Сонымен қатар, футбол облысымыздағы ең танымал спорт түрі болып есептеледі. 

2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында балалардың спорт секцияларына тегін қатысуы үшін облыстық бюджеттен бір миллиард жүз үш миллион теңге бөлінді. Осы қаражаттың есебінен төрт мыңнан астам бала спорт жаттығуларына тегін қатысып отыр. 

Қазір облыста жалпы құны 3,2 миллиард теңгені құрайтын алты спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр. Сондай-ақ биылғы жылы мектепке дейінгі ұйымдармен, мектептермен тығыз байланыста жұмыс істейтін Дене тәрбиесін дамыту орталығы ашылды. Білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, спорт түрлерінен ауылдық, аудандық мектеп лигасы, студенттер лигасы, жастар арасындағы лига, еңбек ұжымдары мен қарттар арасындағы спартакиада форматында жарыстар өткізу жоспарланып отыр.  

– 2024 жылдың басты міндеттерінің бірі облыс спортшыларының Парижде өтетін ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуы болды. Қазір Шығыс Қазақстанның атынан Олимпиада ойындарына 11 спортшымыз қатысып жатыр, - деді Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.  


Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив