Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Юрий Гавриловтың айтуынша, бұл жұмыстарға бюджеттен 950 миллион теңге қарастырылған. Соның ішінде 82 млн теңгені «Тепловодцентраль» коммуналдық кәсіпорны бөлді.
Мамандар Алтай, Серебрянск қалалары мен Жаңа Бұқтырма кентіндегі қазандықтар мен жылу желілерінің негізгі және қосалқы жабдықтарын жөндеуді жалғастыруда. Барлық жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.
– Серебрянск қазандығы 1981 жылдан бері жұмыс істеп келеді. №2 және №3 қазандықтардың дайындығы 95 пайызды құрайды. Тор жөнделді, штангаларды, бүйірлік және артқы тығыздағыштарды, қазандарды ішінара ауыстыру және басқа да жұмыстар жүргізілді. Істелуі тиіс ақаулар да бар. Түтін мұржасын жөндеу, №1 қазандықтың құбыр бөлігін, көмір қоймасының шатырын, №20 желілік сорғыны ауыстыру қажет, - деді Серебрянск қаласының «Тепловодцентраль» мемлекеттік кәсіпорнының бөлім басшысы Владислав Зиновьев.
Қазіргі уақытта бүкіл қазандық кешенін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жұмыс келесі жылы басталады.
Жылыту маусымының сәтті өтуі үшін жұмыс істеп тұрған қазандықтардың қоры жеткілікті. Серебрянскіде барлығы 2290 пәтер пен 89 көпқабатты үй жылуға қосылған.
Жаңа Бұқтырмада қазандықты жөндеумен қатар жылу желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Әкім Нұржан Қанапиннің айтуынша, өткен жылы қазандықтан ауылға дейінгі бес шақырымнан астам желі ауыстырылса, биыл екі шақырымнан астам желілерді жаңартып жатыр.
Сонымен қатар тұрғындардың үйлерін сапалы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін сорғы станциясы да салынды.
Айта кету керек, жылыту маусымының сәтті аяқталуы тұрғындардың өздеріне де байланысты. Бір ғана Алтай қаласының өзінде 458 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда олардың 34 пайызға жуығы дайын.
Мәселен, Несмиянова көшесі, 34-үйдің тұрғындары қысқа тас-түйін дайын. Олардың үйі мен ауласы басқа қала тұрғындарына үлгі.
– Көршілердің бәрі белсенді, сондықтан үйдің жағдайы тамаша. Жертөлені күтіп, әктеп, жылытуға дайындадық. Бізде екі механизатор жұмыс істейді, жұмысқа ақшаны алдын ала жинаймыз. Қыста, тіпті, біздің подъезд де өте жылы, - деді сол үйдің тұрғыны Татьяна Монахова.
Жеке үй тұрғындары көмірді алдын ала сатып алу керек. Әйтпесе жылыту маусымы басталған кезде көмір алуға кезек көбейіп кетеді.
Алтай өңірінде көмірмен жылытылатын 12 792 аула бар. Оның ішінде көмір, 31 шілдедегі мәлімет бойынша, 2921 аулада ғана сақталған.