Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 6,7 мың гектарға ұлғайып, 645,1 мың гектарға жетті.
Шығыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Динара Жұманованың берген ақпаратына сәйкес, астықтың орташа өнімділігі 20 ц/га болады деп күтіліп отыр. Айтпақшы, 2023 жылы бұл көрсеткіш 13,8 ц/га болған. Майлы дақылдардың көлемі 18 ц/га күтіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 ц/га артық. Күнбағыс өнімділігі болжамы 19 ц/га немесе 2023 жылмен салыстырғанда 2 ц/га артық.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қаңтар-шілдесінде мал шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңіне 103 пайызды құрады. НҚИ өсуі мал шаруашылығының негізгі өнімдері өндірісінің өсуімен - мал мен құсты союы немесе өткізуіне, сауылған сүт өндірісіне негізделеді. 2023 жылғы қаңтар-шілдеде мал мен құстың барлық түрлерінің тірідей салмақта шаруашылықта сойылғаны немесе союға өткізілгенінің көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 4,1%, сиыр сүтінің өндірісі тиісінше – 2,5% көбейді, тауық жұмыртқасының өндірісі 2,2% төмендеді.
Жалпы, астық дақылдарының күтілетін жалпы өнімі – 390 мың тонна, майлы дақылдар – 360 мың тонна. Айта кету керек, ауыл шаруашылығы құрылымында өсімдік шаруашылығы 55 пайызды құрайды.
Мал шаруашылығында да оң өзгеріс байқалады. Жоспарланған ет өндіру көлемі 180 мың тонна (103,2%), сүт 524 мың тонна (102%).