Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков Орталық бақылау комиссиясына Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың жазасын қай жерде өтейтіні мен қайда жұмыс істейтінін айтты.
Теңізжан Жәнібеков сотталған Қуандық Бишімбаевтың әлі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен шықпағанын хабарлады.
- Ол уақытша ұстау изоляторында. Жақын күндері қамаудағы жоспар бойынша мәселе шешіліп, Ақмола облысы, Астана қаласы іргесіндегі қатаң режимдегі мекемеге жазасын өтеуге аттанады. Жұмыспен қамту мәселесіне келсек, біздің өндіріс орындарында жұмыс әртүрлі. «Еңбек» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнында ағаш және металл өңдеу бағыттары бойынша жұмыс істей алады. Мұның бәрі бос орынның бар-жоғына байланысты, - деді Теңізжан Жәнібеков.
Ол бұл туралы туыстарына, мүдделі тұлғаларға және адвокаттарға хабарланатынын айтты.
- Бұл мәселені жұмыспен қамту бөлімі шешеді, келгеннен кейін 15 күн карантинде болады. Біз оны зерттейміз, одан әрі тәрбие жұмысы жүргізіледі. Психологтар басқа тұтқындармен жұмыс істейтін болады, - деп түйіндеді Теңізжан Жәнібеков.
Сондай-ақ журналистер Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау үшін салық төлеушілердің қанша ақшасы жұмсалатынын есептеп шықты. Бір тұтқынның ішіп-жемі қазынаға тәулігіне 7,5 мың теңге түсетінін негізге алсақ, алдағы 20 жылда 55 миллион теңгеге шығады. Бұл қазақстандық министрдің жылдық жалақысынан екі есе дерлік көп.
Еске салайық, әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін айыпталған Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған болатын. Ал қылмысты жасырып қалған інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
27 мамырда елордалық сотқа Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты бірінші инстанция сотының үкіміне апелляциялық шағым түскені белгілі болды. Ал 26 маусымда апелляциялық сот Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың үкімін өзгеріссіз қалдырған.