Қысқартуға ұшыраған ірі жобалар қатарында Өскемен қаласындағы «Спорт», «Нұрлы жол» және 4-ші шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым салу жобалары; Риддер қаласында көпбейінді аурухана құрылысы бар, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс XXI сессиясында 2025-2027 жылдарға арналған өңірлік бюджеттің параметрлеріне өзгерістер енгізілді.
Бюджетті нақтылау бірқатар экономикалық факторларға байланысты жүзеге асқан. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің азаюы және жергілікті деңгейдегі шығыстарды оңтайландыру қажеттілігі себеп болған. Сессия қорытындысы бойынша қысқартылған қаржы көлемі 27 миллиард теңгені құрады.
Бюджет тапшылығын өтеу мақсатында бюджет бағдарламалары әкімшілері арасында ішкі қайта есептеулер жүргізілді.
Білім басқармасының бюджеті қысқартылды. Атап айтқанда, біліктілікті арттыру курстары, көлік сатып алу және техникалық жарақтандыру шығындары азайтылды. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аяқталған. Денсаулық сақтау басқармасына психикалық денсаулық орталығы үшін жабдық сатып алуға бөлінген қаражат қысқартылды. Дене шынықтыру және спорт басқармасы бес дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ДШСК) пайдалануға берілу мерзімі кейінге шегерілгеніне байланысты олардың күтіп-ұстау шығындарын азайтты.
Мәдениет, ішкі саясат, дін және археология салаларында – түрлі шаралар, форумдар, семинарлар мен конференциялар, көлік және жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаражат қысқарды. Достық үйінің ағымдағы жөндеуіне арналған қаржы азайтылды. Полиция мен ТЖД ведомстволары киім-кешек, ағымдағы жөндеу және дабыл жүйелеріне жұмсалатын шығындарды азайтты.
Ауыл шаруашылығы саласында субсидиялауға өтінімдердің болмауына байланысты 2 миллиард теңге және несиелерді сақтандыру бойынша 202,4 миллион теңге игерілмеді.
Энергетика және ТҮКШ басқармасы жаңа нысандар құрылысы, желілерді жаңарту мен абаттандыру жобаларына бөлінген қаржыны қайта қарады. Құрылыс басқармасы да құрылыс пен қайта құру жобаларына бөлінген қаржыны қысқартты. Сонымен қатар табиғи ресурстар, жолаушылар көлігі және ветеринария салаларына бөлінген қаражат та қысқартуға ұшырады.
Дегенмен, қаржыландырудың қысқартылуына қарамастан, өңірде негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасуда. Бюджетке енгізілген өзгерістер қаржылық тәртіпті сақтау мен ресурстарды басты инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауға қайта бөлу үшін қажет болды. Айта кетерлігі, бұл қысқартулар әлеуметтік саладағы басым міндеттемелерге әсер етпейді. Оның үстіне кейбір қаржы – толық игерілмеген немесе мемлекеттік органдардың үнемдеуі нәтижесінде жиналған қаражат.