ШҚО-да 76 адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдыққан

ЖАҢАЛЫҚТАР 11-06-2025, 16:27 0

2025 жылдың алғашқы 5 айында Шығыс Қазақстан облысында 76 адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдыққан, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Айнаш Қапанованың айтуынша, бас және мойын қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде таралуы жағынан әлемде алтыншы орында тұр. 

– Жыл сайын әлемде бас және мойын қатерлі ісігіне бір миллионнан астам адам шалдығады. Қазақстанда жыл сайын 1700 адамнан бас және мойын қатерлі ісігі анықталады. Бас және мойын қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың орташа жасы 55-64 жас аралығын құрайды. Шығыс Қазақстан облысында 5 ай ішінде алғаш рет бас және мойын қатерлігінің 73 жаңа жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,7%-ға көп, – дейді Айнаш Қапанова. 

Мамандар қазіргі кезде қатерлі ісіктің алдын алу мен дер кезінде дәрігерге қаралу өте маңызды екенін атап өтті. Егер дауыстың қарлығуы, ауыз қуысында ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар, мойында түйін түрінде пайда болған жаңа түзілістер немесе бас пен мойын терісінде ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Бұл аурудың алғашқы белгілері. Бас пен мойын қатерлі ісігінің алдын алу үшін мамандар салауатты өмір салтын ұстануды, дұрыс тамақтану және уақытылы дәрігерге қаралуды ұсынады. 

– Бас пен мойын қатерлі ісігіне бас пен мойында орналасқан барлық ағзалар мен тіндер жатады. Яғни, бұл – ауыз қуысы, мұрын және оның қосалқы қуыстары, жұтқыншақ, сілекей безі, қалқанша без. Аталған ауруларға 90% жағдайда темекі себеп болады. Ал қалған 10%-ы – тұқымқуалаушылық, еңбек жағдайлары, ауаның ластануы, зиянды химиялық заттардың әсері мен вирустық инфекциялардан, адам папиллома вирусынан туындайды, – деді онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Жандос Мағзұмов.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы онкология және хирургия орталығының емдеу ісі жөніндегі директорының орынбасары Шолпан Боранбайқызы қуық асты безінің қатерлі ісігі ерте анықталған кезде оның емделу мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті.

– Қуық асты безінің қатерлі ісігі – әсіресе 50 жастан асқан ер адамдарда жиі кездесетін қатерлі ісік түрі. Ерте анықталған кезде оның емделу мүмкіндігі жоғары. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2025 жылдың алғашқы бес айында 55 жағдай тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 53 жағдай анықталды. 17 жағдай аурудың бірінші сатысында, 9 жағдай екінші сатыда, 26 жағдай – үшінші сатыда, 1 жағдай – соңғы сатыда белгілі болды, – деді Шолпан Боранбайқызы.  


 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив