Кәсіпкер ШҚО әкіміне Рахман қайнары аумағында мейрамхана бизнесін дамытуды ұсынды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жеке қабылдау барысында кәсіпкер Балауса Бақытжанқызы Катонқарағай ауданындағы Рахман қайнары аумағында мейрамхана бизнесін дамытқысы келетінін жеткізді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балауса Бақытжанқызы Риддер қаласындағы тұрғындар мен шетелдік туристер арасында сұранысқа ие «Bal-Uyz» этномейрамханасын қамтитын мейрамханалар желісінің иесі.
Кәсіпкер жуықта ғана жаңа жол пайдалануға берілген Рахман қайнары аумағындағы мейрамхананы жалға алу және оның қызметін одан әрі дамыту мүмкіндігін талқылауды ұсынып, бұл жобаны жүзеге асыру қызмет көрсету сапасын арттырып, аталған аумақтың туристік тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құзырлы басқарма басшысына бизнес иесінің ұсынысын жан-жақты зерделеуді тапсырды.



