Шығыс Қазақстанда 75 сейсмикалық қауіпті елді мекен бар. Жыл басынан бері облыс аумағында 3 жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын-алу басқармасының инженері Нұрболат Өтеев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
– Глубокое ауданындағы Зайсан қаласында орналасқан 2 сейсмологиялық станция бар. Өңірдегі халықты құлақтандыру үшін 72 электр сирень, 48 сиреналық-сөйлеу құрылғысы, 23 цифрлық эфирлік телехабар тарату арнасы және 12 радиохабар тарату арнасы жұмылдырылады. Төтенше жағдайлар департаментінде Шығыс Қазақстан облысында жер сілкіністерінің салдарын жою үшін жалпы саны 224 адам, 53 бірлік техника бар күштер тобы құрылды. Облыс аумағында зардап шеккен халықты қабылдаудың 182 пункті қарастырылған, – деді Нұрболат Өтеев.
Шығыс Қазақстан облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының жобалау-сметалық бөлімінің басшысы Гүлмира Сәтбаеваның айтуынша, 2024 жылы облыс пен Өскемен қаласын егжей-тегжейлі сейсмикалық аймақтарға бөлу карталарының жиынтығы әзірленіп, бекітілді. 2025-2026 жылдарға Қазақстан Республикасының сейсмологиялық саласын дамытудың Кешенді жоспары шеңберінде Өскемен қаласының ғимараттары мен құрылыстарының сейсмикалық төзімділігіне паспорттау жоспарланған.
– Алдын ала деректер бойынша облыс аумағында 2 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй және сейсмикалық күшейтуге жататын 299 әлеуметтік маңызы бар объект, оның ішінде 164 мектеп, 51 балабақша, 84 Денсаулық сақтау объектісі бар. Қазіргі уақытта Өскемен қаласы бойынша жер сілкінісіне төзімділікке бірінші кезекте паспорттауға жататын әлеуметтік маңызы бар объектілер мен көппәтерлі тұрғын үйлердің тізімі жасалуда. Паспорттау нәтижесінде алынған деректер Геоақпараттық жүйеге енгізіліп, картаға түсіріледі. Өскемен қаласының ғимараттарының осал картасы жасалынатын болады, – дейді Гүлмира Сәтбаева.