Еліміз Иранмен рухани ынтымақтастықты нығайта түсті

ЖАҢАЛЫҚТАР 19-05-2025, 15:53 0

Қазақстан мен Иран архив және кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Жуықта Тегеран қаласында «Ғылым ордасы» РМК делегациясының Иран Ислам Республикасының Ұлттық кітапханасы және архиві басшылығымен ресми кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – ғылым, архив және кітапхана ісі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ құжаттық мұраны сақтау, қалпына келтіру және консервациялау бағыттары бойынша кәсіби тәжірибе алмасу арқылы екі ел арасындағы әріптестікті нығайту болды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Кездесу барысында қазақстандық делегация Иран архиві мен кітапханасының инфрақұрылымымен, атап айтқанда құжаттарды сақтау жүйесімен, қалпына келтіру және консервациялау бөлімдерінің жұмысымен, сондай-ақ цифрландырудың заманауи әдістерімен жан-жақты танысты.

Кездесу нәтижесінде «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов пен Иран Ислам Республикасының Ұлттық кітапханасы және архиві басшысы Голямреза Амирхани (Gholamreza Amirkhani) ғылым, архив және кітапхана ісі салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды.

  – Иранмен архив және кітапхана ісі саласындағы әріптестік – бұл тек кәсіби тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар құжаттық мұраны сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру бағыттарындағы озық тәжірибемен бөлісудің тиімді алаңы. Мұндай ынтымақтастық екіжақты мәдени-ғылыми қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтереді, – деді «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов.

Меморандум Қазақстан мен Иран арасындағы архив және кітапхана ісіндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық серіктестікті кеңейтудің маңызды негізі болды. Ол екі елдің бірлескен ғылыми жобалары мен цифрландыру саласындағы зерттеулерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл келісім «Ғылым ордасының» халықаралық дамуына серпін беріп, Қазақстанның ғылыми және мәдени мұрасын әлемге кеңінен танытуға жол ашады.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив