Өскемендегі Самал саябағының маңында «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті. Бұл шара қалада осымен оныншы рет өтіп отыр. Қарапайым сенбілікке қарағанда, бұл – табиғатты қорғауға бағытталған квест элементтерімен толыққан экологиялық жарыс болды.
Биылғы акцияға 57 қатысушыдан құралған 16 команда қатысты. Олар бірнеше сағаттың ішінде 1 тоннаға жуық қоқыс жинап, оны 135 қапқа бөліп тапсырды.
«Таза ойындар» – әлемнің көптеген елінде өтетін халықаралық экологиялық қозғалыс. Өскемен қаласы бұл бастамаға үшінші жыл қатарынан белсене қатысып келеді. Шараның негізгі мақсаты – тек қоқыс жинау ғана емес, қатысушыларды қалдықтарды сұрыптап өңдеуге үйрету.
Әр команда қоқыстың салмағына ғана емес, оны дұрыс бөліп, қайта өңдеуге жарамдысын тапсыруына қарай да бағаланады. Сонымен қатар, ерекше әрі сирек кездесетін заттар – «артефакттар» үшін қосымша ұпайлар беріледі.
Қалдықтардың құрамы:
52,5 қап аралас қоқыс
28,95 қап пластик
40,35 қап шыны
13,5 қап алюминий банкалар
84 кг ірі көлемді қалдықтар
10 кг автокөлік дөңгелектері
3 дана батарейка
241 дана пластик қақпақ
13,26 литр ұсақ-түйек қоқыс
Бұл деректер Өскеменнің бір шағын бөлігінің өзінен қаншама қалдық жиналатынын көрсетеді.
Жүлдегерлер де анықталды. Бірінші орынды – «Капитан Америка», екінші орынды – «Жаңа ғасыр», ал үшінші орынды «Антикор» командасы иеленді. Жеңімпаздарға қайта өңделген шыныдан жасалған естелік медальдар мен сыйлықтар табысталды. Бұл да жасыл экономикаға қосылған нақты үлес.