Елімізде төрт айда үш мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығы анықталған. Оның ішінде 828 сату фактісі бар. Заңсыз айналымнан шамамен 3,5 тонна есірткі тәркіленген. Оның 259 кг-ы синтетика, екі тоннаға жуығы марихуана, 303 кг-ы гашиш. Сондай-ақ, 83 есірткі зертханасы жойылған.
Алты тоннаға жуық прекурсор тәркіленген. 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, заңсыз контенті бар 11 мыңнан астам сайт, сондай-ақ 1 млрд теңгеден астам сомаға 12 мың банк картасы мен шот бұғатталған. 1783 адам ұсталып, оның 669-ы қамауға алынған.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірханның сөзінше, сәуір айында бірқатар сәтті операция жүргізілген. Қосшы қаласында Ақмола облысының тумасы ұсталған. Оның автокөлігінен 6,5 кг a-рvр синтетикалық есірткісі тәркіленген. Одан кейін жүргізілген іс-шаралар барысында басқа да күдіктілер – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ұсталған. Олардан тағы бір килограмм синтетика тәркіленсе, Астана қаласында Ақтөбе тұрғыны ұсталып, одан 2,5 кг синтетикалық есірткі тәркіленген.
– Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деді Данияр Мейірхан.
Бұған дейін ҰҚК қызметкерлері 2,4 миллион доллар табыспен халықаралық есірткі тасымалының жолын кескен болатын.