Ертегілер және нейрокомикс: Шығыстың оқушысы ерекше жобаға ден қойды

ЖАҢАЛЫҚТАР 12-05-2025, 10:40 0

15 жастағы оқушы әдебиет пен сурет өнерін ұштастырып қазақ ертегілері мен әңгімелерін комикс жанры арқылы танытып жүр. Глубокое ауданындағы Малоубинка орта мектебінің оқушысы Қасиет Жолдыбек 9 сыныптан бастап комикс жасауға қызыға бастаған. Ол бала кезінен сурет салып, түрлі кейіпкерлер ойлап табуға қызыққан. Уақыт өте келе бұл қызығушылығы шынайы хоббиіне айналды. Жақында қазақ халқының аңыз-ертегілерін, батырлар жырын заманауи стильде қайта жасап, жастарға қызықты форматта ұсынғысы келетін Қасиетпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Өзің сурет салғанды жақсы көресің бе, жалпы комикс жасау туралы идея қайдан келді?

– Иә, сурет салу – менің ең сүйікті ісім. Комикс жасау туралы идея алдымен жоба жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімімнің бастамасымен және де анимация мен мультфильмдерге деген қызығушылықтан туындады. Әрбір кейіпкердің тарихын, мінезін, сезімін өзімше бейнелеу маған ерекше шабыт сыйлайды. 

– Комикс жасауға әңгімелерді, ертегілерді өзің таңдайсың ба, әлде біреу бағыт-бағдар бере ме?

– Көп жағдайда сюжеттерді жасауға жетекшім бағыт-бағдар береді. Кейде өзім ойлап табамын немесе бұрынғы жазылған ертегілер мен аңыздарды өз стиліммен қайта жаңғыртамын. Кейбір кезде  достарым да қызықты идеялар айтып, бағыт береді. 

– Бір комиксті жасауға қанша уақыт кетеді? 

– Комикстің көлемі мен күрделілігіне қарай әртүрлі болады. Қысқа комикс 2-3 күнде дайын болса, көлемді, көп бөлімнен тұратын комикске бірнеше апта кететін кездер болады. 

– Комикс жасаған кезде қандай бағдарламаларды қолданасың?

– Комикс жасау үшін көбіне Сhatgpt, Clip Studio Paint, Procreate, кейде Adobe Photoshop бағдарламаларын қолданамын. Бұл құралдар маған кәсіби деңгейде иллюстрациялар жасап, мәтіндерді ыңғайлы орналастыруға мүмкіндік береді. 

– Қазір уақытта неше комикс жасадың? 

– Қазіргі уақытта 6-7 шағын және орта көлемді комикстер жасадым. Оның ішінде бірнешеуі мектепішілік жарыстарда көрсетілді, кейбіреулері әлеуметтік желілер арқылы оқырманға жол тартты. 

–  «Қиял әлемі» комиксі – оқушылар қиялынан туындаған әңгілемелер жинағы деген комикстегі әңгімелерді оқушылармен бірлесіп өздерің жаздыңдар ма?

– Иә, «Қиял әлемі» – бұл бірлескен шығармашылық жұмыстың нәтижесі. Біз оқушылармен бірге сюжеттер ойлап тауып, кейіпкерлерді бірге таңдадық. Оқушылар оқиғаны өз қиялдарынан жазды, мен оларға өз туындыларын комикс ретінде бейнелеуді үйреттім. 

– Алдағы уақытта қандай комикстер жасағың келеді?

– Болашақта қазақ халқының аңыз-ертегілерін, батырлар жырын заманауи стильде қайта жасап, жастарға қызықты форматта ұсынғым келеді. Сонымен қатар, экологиялық тақырыпта және жасөспірімдердің өмірін бейнелейтін әлеуметтік-комикс жобаларын да қолға алғым келеді. 

 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив