Өскеменде Отан қорғаушылар күні қарсаңында Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері, әскери бөлім командирлері, құқық қорғау органдары мен қорғаныс саласының қызметкерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері қатысты.
Облыс әкімі жас сарбаздар мен ардагерлерді мерекемен құттықтай отырып, мемлекетіміздің қауіпсіздігі және еліміздің тыныштығы жолындағы қызметтері үшін алғысын білдірді.
– Отан қорғау бұл қасиетті парыз, әрі мәртебелі міндет. Салтанатты жиынның Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтың ескерткіші алдында өткізуіміздің символдық мәні зор. Халқымыздың қайсар перзенті, майдан взвод және батальон командирі ретінде Берлин шайқасына қатысты. Бейбіт заманда Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды. Мемлекетіміздің әскерін қалыптастыру және дамытуда аянбай еңбек етті. Біз батырлардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз. Тәуелсіз Қазақстанның жауынгерлері, аға буынның ерлік жолын абыроймен жалғастырып келе жатқан жалынды ұрпақ, барша әскери қызметшілерге Отан алдындағы қызметі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Антына адал, сертіне берік ержүрек сарбаздар ел сенімін ақтайды деп сенеміз. Өз кезегінде бізде ел тұрғындары, көпшілік батырлардың аманатына адал болып ел тыныштығын сақтауымыз қажет, – дейді аймақ басшысы.
Отан қорғаушылар мерекесіне орай ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен ел қорғаудағы ерлігі үшін облыс әкімінің алғыс хаты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне, Ұлттық ұлан сарбаздарына, ШҚО авиациялық бөлімшесі және ШҚО ТЖД қызметкерлеріне табысталды.
Шара барысында жас сарбаз жауынгерлер мен ардагерлерді 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтады.
– Бүгінгі күн әр азамат үшін ерекше. Себебі Отанды қорғау батырлық ғана емес, үлкен жауапкершілікпен, махаббаттың көрінісі. Мен жас сарбаз қозғалысының өкілі ретінде болашақта әскерге барып Отан алдындағы борышымды өтеуге дайынмын. Бүгін әскери қызметкерлердің алдында сөз сөйлеп, арманыма қадам басқандаймын. Біз бақытты ұрпақпыз, себебі бейбіт елде өмір сүрудеміз. Көк туымыз желбіреген Тәуелсіз елде білім алып, армандарымызға еркін қол соза аламыз. Бұл бізге ата-бабаларымызбен, Отан қорғаушылар сыйлаған үлкен аманат. Отан біздің жүрегімізде, – дейді Жас сарбаз әскери патриоттық клубының тәрбиеленушісі Тоқтаған Балжігіт.