Шығыс жұрты Бірлік күнін бір шаңырақ астында қарсы алды

ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 1-05-2025, 14:49 0

Бүгін өңірдегі түрлі этнос өкілдерінің басы бір шаңырақта тоғысты. Бірлік күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығыс Қазақстан облыстық XXXI сессиясы қаланың бас алаңындағы киіз үйде өтті. Оған түрлі этнос өкілдері қатысып, бірқатар азаматтар марапатталды.

Киіз төрінде өткен мерекелік жиынға ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» қозғалысының белсенділері қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен ҚХА-ның XXXIV сессиясында ел бірлігі мен татулығы – басты құндылықтарымыздың бірі екенін атап өтті. Бұл – мемлекеттік саясаттың берік тірегі. Ассамблея – жалпыұлттық бірегейлікті нығайтудың тиімді құралы. Шығыс Қазақстан – бұл құрылымның қалыптасуында жетекші рөл атқарған өңір. Алғашқы Достық үйі мен этномәдени бірлестіктер де осы аймақта құрылған. Бүгінде олар қоғамдық келісімді нығайтуда ауқымды жұмыс атқарып келеді. Ассамблея – қоғамда өз тиімділігін дәлелдеген, конституциялық мәртебесі бар маңызды институт. Баршаңызды ынтымақ пен бірлікті нығайту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын, – деді ШҚО тәкімі Нұрымбет Сақтағанов. 

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осыған орай сессия барысында ҚХА-ның даму бағыттары, жастармен жұмыстың жаңа форматтары, қазақстандық бірегейлікті нығайту жолдары тілге тиек болды. Сессияға 100-ден астам адам қатысып, шараның маңызын арттырды.

Осыдан кейін аймақ басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздің рухани және интеллектуалдық дамуына қосқан үлесі үшін Геннадий Николаевич Пуссепті «Парасат» орденімен және өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бірқатар азаматтарды «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында облыстық Ассамблея мүшелері, «Ассамблея жастары» қозғалысының өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар бар. Марапатталғандар:

Лилия Викторовна Столярова – тарих және қоғамдық ғылымдар академигі, ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі;

Александр Николаевич Алексеенко – ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі;

Мария Баймұханқызы Бейсеканова – ШҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы;

Александр Андреевич Яковлев – ШҚО славян мәдениеті қоғамының төрағасы;

Ярослава Владимировна Волкович – ШҚО украин мәдени орталығының төрайымы;

Владимир Викторович Лебедев – «Сион» еврей мәдени орталығының төрағасы;

Жұлдыз Сейтқұмарқызы Ақтанжанова – ШҚО ҚХА Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, «Үйлесім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі;

Нина Николаевна Прищепчик – белорус мәдени орталығының мүшесі;

Павлина Михайловна Пшимбаева – ШҚО корейлер қауымдастығы төрағасының орынбасары;

Лидия Генриховна Роот – «Видергебурт» неміс мәдени орталығының мүшесі;

Валентина Васильевна Фрышко – поляк мәдени орталығы төрағасының орынбасары;

Роза Алиттиновна Цис – татар мәдени орталығы төрағасының орынбасары;

Алдияр Ақылбекұлы Әубәкіров – ШҚО ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары.

Шығыс Қазақстан үшін бұль мерекелі күннің маңыызы зор. Өйткені дәл осы өңірде алғашқы этномәдени бірлестіктер мен алғашқы Достық үйі ашылған. Бүгінде бұл ұйымдар өңір өміріне белсене араласып, толеранттылықты, мәдениетті, бейбітшілік пен өзара түсіністікті насихаттап келеді. 

– Бүгінгі марапат шығармашылығым мен еңбегімн берілген баға деп білемін. ШҚО Қазақстан Халықтары Ассамблиясының жұмысына да араласып, әртүрлі этнос өкілдерімен бірлесе жұмыс істедік. Бүгін Бірлік күні қарсаңында мазмұнды шараға қатысып, көптеген азаматтардың еңбегі бағаланғанын көрдік. Мерекелі күн құтты болсын, – деді «Парасат» орденімен марапатталған Геннадий Николаевич.

Бірлік күніне арналған шара орталық алаңда «Qazaqelі – татулық мекені» атты мерекелік концертпен жалғасын тапты. Көрермендерге Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының әртістері мен өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Алаңда мерекелік жәрмеңке де жұрт назарына ұсынылды.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив