Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады

ЖАҢАЛЫҚТАР Кеше, 17:30 0

Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ержан Айқымбеков хабарлады. 

– Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады, – дейді Ержан Айқымбеков. 

Кандидаттарға қойылатын жалпы талап қатысушылардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен болмауы керек. 

Іріктеу Президент жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады. Атап айтқанда:  

І кезең – резервке алу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 1 маусымнан бастап бір ай уақыт аралығында арнайы ақпараттық жүйеде онлайн режимде жүзеге асырылады;

ІІ кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңі;

ІІІ кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу;

ІV кезең – бұл кезең бағалаудың екі блогынан тұрады: ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша сұхбат;

V кезең – сарапшылық комиссиясында әңгімелесу. Сарапшылық комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысына 100-ден аспайтын кандидаттар тізімі ұсынылады;

VІ кезең – резервке үздік 50 кандидатты қабылдау үшін Ұлттық комиссияның отырысын қазан айының 25 күніне дейін өткізіп, қазан айының соңына дейін шешім шығару жоспарлануда. 

– Ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақырамын. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет. Жастарымыздың бойындағы күш-жігері мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыру – Агенттіктің стратегиялық міндеттерінің бірі, – деді Ержан Медетханұлы. 

Айта кетейік, Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған болатын.  Бұған дейін үш іріктеу өткізілді. 2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеуге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытты, олардың нәтижелері бойынша резервке қабылданған 400 адамның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істейді.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив