«QazaQ JENT» құрттың 40 түрін шығарады

ЖАҢАЛЫҚТАР 30-04-2025, 16:30 0

Бес түрлі жент, қырық түрлі құрт. Шоколад қатырылған талқан. Қай-қайсысының да дәмі тіл үйріреді. Бүгін Өскеменде өткен «Шығыс Агрофорумы» аясында ұйымдастырылған көрмеге шаруалар өз өнімдерін алып келді. Солардың ішінен құрт пен женттің бірнеше түрін көрмеге қойған «QazaQ JENT»-тің ұлттық өнімдерін көпшілік көбірек тамашалағанын көрдік. Біз де барып дәмін татып, ұлттық өнім түрлерімен таныстық, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Ұлттық өнімдерді шығарушы «QazaQ JENT» бүгінде құрттың 40-тан астам түрін, женттің 5 түрін шығарып, саудалап келеді екен. Олар құрт, жент, талқан, қымыз, ірімшікті заман талабы мен халық сұранысына сай түрлендіріп шығарады.

– Біз қазақтың ұлттық тағамын брендке айналдырсақ деген мақсатта жұмыс істеп келеміз. Женттің 5 түрін, құрттың қырықтан астам түрін шығардық. Барлық өнімдерімізді сұранысқа сай дамытып келеміз. Мысалы, қазір талқанды талқан қалпында сатсаң алушы аз болады. Біз талқанды шоколдпен бірге қатырып, қаптап сатып көрдік. Көрінекі, кәдімгі кәмпеттер сияқты. Ал құрттың түрлеріне келер болсақ, кепкен құрт, жемісті құрт, ащы құрт, тұзды құрт, бұрышпен және түйе құрт, ешкі құрт деген сияқты кете береді, – дейді «QazaQ JENT» ұлттық өнімдері компаниясының құрушысы Мадияр Оралдинов

Ұлттық өнім шығарушлылардың айтуынша, сұраныс тойлардан көбірек түседі екен. Сондай-ақ сәлемдеме жасатып алатындар да баршылық.

 

– Тойларға тапсырыс беретіндер бар. Сәлемде ретінде түрлі-түрлі өнімдерді қосып жасатып алатындар да бар. Жаппай жұрт енді-енді түсініп келеді. «Жент деген немене?» деп сұрайтындарды да көрдік. Кейбір дүкендерге алып барсаң түсінбегендіктен көп ала бермейді. Сондықтан ұлттық тағамның насихаты көбірек керек сияқты, – дейді кәсіпкер.

Кәсіп иесі алдағы уақытта экспортқа шығару жағын да жоспарлап отырғандарын айтты. Өйткені шетелге шығатындар және шеттен келетін туристер қазақтың ұлттық өнімі ретінде көбірек қызығып, арнайы қорапқа жасатып алады екен.

 Біз де қызығып дәмін татып көрдік. Кәдімгі талқан шоколадтпен қосылғанда дәмі тіл үйіреді екен. Құрттың да қызыл-жасыл түрі бар. Ұлттық тағамды дамыту үшін, табиғи өнімді тұтыну үшін мектеп асханасына құрт пен женттің бірнеше түрін кіргізіп жіберсе болғандай-ақ екен деген ой түйдік.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив