Өткен ғасырдың соңында пайдалануға берілген Ұлан ауданы орталығындағы өрт сөндіру бөлімі ғимаратының төбесінен су ағып, тозығы жеткен, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ұлан ауданындағы бірнеше нысанды аралаған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өрт сөндіру бөліміне барып, ғимараттың және техникаларының жай-күйімен танысты.
– Өрт сөндірушілердің қызметі біз үшін өте маңызды. Оларға барыншы қолайлы жағдай жасалуы керек. Қазіргі өрт сөндіру бөлімі талаптарға мүлде сай келмейді. Ғимаратқа толықтай күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл жеке құрамға талаптар мен стандарттарға сай, қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Қасым Қайсенов кентінде орналасқан өрт сөндіру бөлімі – Ұлан ауданы бойынша төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жүйесінің негізгі нысаны. Бұл бөлімше қажет болған жағдайда шалғай ауылдарға да барып, дала мен орман өрттерін сөндіруге де кіріседі. Көктем-жаз мезгілдерінде өрт қаупі еселей артатын жағдайда мұндай бөлімшелердің кәсібилігі мен техникалық мүмкіндіктері тек тұрғын үйлер мен мүліктің ғана емес, адам өмірінің де амандығына тікелей әсер етеді.
Аудан әкімі Арман Бекбосыновтың айтуынша, қазір аудан бойынша техникалық база жаңартылып жатқан көрінеді. Ұлан ауданы бойынша 7, оның ішінде №10 өрт сөндіру бөліміне 2 техника бөлінген.
– Біз шағым айтып отырған жоқпыз, жағдайды жақсы түсінеміз. Дегенмен, жеке құрамның қызмет орнына жақын жерде болғаны – жедел әрекет үшін өте маңызды. Осында шағын жатақхана не тұрғылықты модуль салуға мүмкіндік туса, қызмет сапасын едәуір арттырар еді, – деп бөлісті өрт сөндірушілер.
Өңір басшысы жауапты мекемелерге бөлім аумағында немесе жақын маңда шағын баспаналық ғимарат салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын нығайту – басым бағыттардың бірі. Бүгінде климаттың өзгеруі мен төтенше жағдайлар санының артуы жағдайында құтқарушы мамандығы стратегиялық маңызға ие.