Қазақстан хоккей чемпионатының финалдық кезеңінде Көкшетаудың «Арланымен» күш сынасқан Өскемендік «Торпедо» үшінші ойын қатарынан жеңілді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Осыған дейін 13 рет чемпион атанған өскемендік команданың қайта жанған үмітін көкшатаулық хоккейшілер су сепкендей басты. Араға уақыт салып барып жанкүйерлерге жеңіс сыйлаймыз деген «Торпедо» ойыншылары «Арланнан» айласын асыра алмады.
Кешегі ойында көкшетаулық команда тізгінді бермеуге тырысты. Ойын бастала сала Данил Парамонов 6, 8-минутта екі мәрте көзге түссе, 21-минутта Владимир Боровков есепті еселей түсті.
Ал өскемендік «Торпедо» сапынан Илья Кляузов 53, Евгений Сулимов 59-минутта екі гол соғып тойтарыс берді.
Ақыры «Арлан» ойыншылары «Торпедоны» 3:2 есебімен ұтып, басымдық көрсетті. Өскемендік «Торпедо» көкшетаулық командаға бұған дейін де есе жібергенін жанкүйерлер жақсы біледі.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін жеңімпаз атағына өскемендік «Торпедо» 13 мәрте ие болған.