Тасқынға тосқын: ШҚО әкімі аудандарды аралап шықты

ЖАҢАЛЫҚТАР / Басты 24-03-2025, 22:00 0

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жедел штаб өкілдерімен бірге тасқыны қаупі бар жерлерге мониторинг жүргізді.

- «Ауа-райының, күндізгі және түнгі температураның күрт өзгеруіне байланысты жағдайды бақылауда ұстау қажет. Әсіресе, өзендер маңайы сағат сайын қадағалауды қажет етеді. Бізге нақты болжамдар мен толық дайындық қажет», - деді өңір басшысы.

Марқакөлде Қалжыр өзенінің арнасын тазарту және түзету, су өткізгіш құбырларды орнату бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп, Қалжыр және Марқакөл ауылдарына төнген қауіп азайды. 72 су өткізу құрылымы, 6 көпір, сондай-ақ арықтар мен каналдар тазартылды. Қара Ертіс, Қалжыр өзендерінде мұз кептелісі болмау үшін үш жерде профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілетін болды.

Орта Теректі, Лайлы және Төменгі Тайынты бөгеттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Аймақтың гидроқұрылымдары түгел дерлік әлі мұз астында жатыр. Сондықтан бұл нысандардың жағдайы сағат сайын бақылауды талап етеді.

Тарбағатайдың 6 елді мекенінде су тасқыны қаупі толығымен жойылды. Жаңауыл, Сарыөлең, Қарасу, Жетіарал мен Маңырақта қарғын су қаупі төмендеді. Терісайрық өзені жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді. 182 су өткізу құрылымы, 9 көпір және 33 км су каналдары толығымен қар мен мұздан тазартылды.

Күршім ауданының 4 ауылында су тасқыны қауіпі толық жойылды. Күршім-Топтерек автожолындағы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілді.  441 су құрылымы топан суды өткізуге дайын, 19 көпір, сондай-ақ айналма арықтар мен каналдар тазартылды. Өзендердегі мұзды қопару үшін профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілетін 2 учаске анықталды.

- «Облыстың барлық аудандарында көктемгі төтенше жағдайларды жоюға арналған күштер мен құралдар тобы бар. Аудан әкімдеріне үйлестірілген жұмыс жүргізуді тапсырдым. Су деңгейі және гидротехникалық құрылымдардың жай-күйі бақылауға алынады. Көлік қатынасын сақтау үшін әсіресе таулы жерлердегі жолдарға және көпірлерге ерекше назар аудару қажет. Басты міндет - адамдар мен инфрақұрылымды қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдау», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив