Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановпен бірге құтқарушыларға және «Қазселезащита» ММ қызметкерлеріне 65 жаңа техника мен қызметтік пәтер кілттерін табыс етті.
Аймақ басшысы атап өткендей, бүгінде құтқарушылардың аймақтық бөлімшелерін материалдық-техникалық жағынан жабдықтауға ерекше көңіл бөлінуде, және алғаш рет өңірлерде осындай көлемдегі техника бір уақытта аудандарға таратылады.
•Бұл техниканың мобильділігі мен әрекет ету жылдамдығына тікелей әсері бар. Құтқарушыларымыздың демалысы жоқ, қыста олар жоғары өтімді көліктермен қар құрсауында қалған жандарға көмек көрсету үшін әрекет етеді, сондай-ақ орман өрттері мен су тасқыны секілді төтенше жағдайлар кезінде де осы техниканы қолданады, - деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар, ТЖ министріне өңірлік бөлімше қызметінде цифрлық технологияларды қолданудың сәтті үлгісі көрсетілді. Қазіргі уақытта төрт бағыт бойынша деректер бір ақпараттық жүйеге жиналады:
•су тасқыны қауіпі бар елді мекендер
•гидропосттардан алынған ақпарат
•жоспарлы инженерлік-техникалық жұмыстар
•су тасқынына қарсы іс-шаралар.
Осындай жүйе арқылы жедел штаб су тасқыны қауіпі бар аймақтарды, қандай гидротехникалық құрылымдарды, арналарды және көпірлерді тазарту қажет екенін, қай елді мекендер су тасқыны қаупінде екенін нақты түсінеді. Сондай-ақ, бұл жүйеге өзендердегі су деңгейі туралы ақпарат енгізу жоспарланып отыр, бұл мүмкін су тасқынының алдын ала болжамын жасап, жағалауды нығайту жұмыстарын және арналарды тазартуды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.