Бюджет қаржысына мониторинг жүргізіледі – ШҚО


ЖАҢАЛЫҚТАР 5-12-2024, 09:31 0

Шығыс Қазақстанда бюджет қаражатына мониторинг жүргізіледі. Мұндағы негізгі мақсат - бюджет қаражатын тиімді пайдалану, артық шығындарды шектеп, қатаң бақылауға алу, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі. 
Өңір экономикасын ілгерілету мақсатында 2024-2026 жылдары салық пен бюджеттік төлемдер  бойынша резервтерді анықтау алгоритмі әзірленген. Онда жеке табыс, әлеуметтік, жер және басқа да салықтардың түсімдерін ұлғайту есебінен салық салынатын базаның өсуі көзделген. 
ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, басқа өңірлерде есепте тұрып, ШҚО-да жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер тізімі де жасалуы мүмкін. Бұл ретте салық жергілікті бюджетке түсуі үшін есепке алу мақсатында салық төлеушілердің мәліметтер базасы дайындалмақ.
ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында шығындарға тоқсан сайын тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін атап өтті.

-    Қаражаттың игерілмеу себептері, бюджет заңнамасының талаптарын сақтау жөнінде шаралар қабылданады. Күн сайын қазынашылық органдары арқылы төленетін кассалық операциялар мен шоттарға, игерілмеген қаражатқа, қаржыландыру жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі қаржылық рәсімдерге, сондай-ақ бюджет қаражатын игермеу себептерін анықтауға талдау жүргізіледі. Ал қорытындысы қала және аудан әкімдерінің, облыстық мекеме басшыларының қатысуымен өткен кеңестерде егжей-тегжейлі қаралады, - деп атап өтті Нұрымбет Аманұлы.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары бюджет қаражатындағы қателіктер үшін кінәлі басшыларға ең қатаң шара қолданылатынын айтады. 
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыс бюджетіне қосымша 3,7 млрд. теңге өндірілген. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін шешуге, сондай-ақ ірі бюджеттік жобаларды қаржыландыруға бағытталды.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив