"eQonaq" жүйесінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылы елімізде 78 515 қытайлық турист саяхаттаған болса, 2024 жылдың 10 айында Қазақстанға Қытайдан 122 мыңнан астам турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға көп.
2023 жылғы қарашада Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режимнің енгізілуі туристер санының айтарлықтай өсуіне ықпал етті.
– Қытайдан келетін туристер санының өсуі екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетеді. Визасыз режим мен әуе қатынастарының артуы Қазақстанды қытайлық туристер үшін қолжетімді және тартымды бағытқа айналдырды. Алдағы уақытта туристік инфрақұрылымды дамыту мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз, - деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.