Мемлекеттік орман қорында 5,2 млн гектар шамасында орман отырғызуға болатын жер бар


ЖАҢАЛЫҚТАР 8-10-2024, 17:30 0

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік орман қорын ұлғайту мәселесі талқыланды. 

– Кейінгі жылы қолға алынған шаралардың арқасында елімізде орман аумағының көлемі 5%-ға дейін артты. Соңғы 5 жылдың ішінде республикамыздың орманмен көмкерілген жерінің аумағы 267 мың гектарға көбейді, - дейді Ерлан Нысанбаев. 

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, еліміздің мемлекеттік орман қорында 5,2 млн гектар шамасында орман отырғызуға болатын жер бар. 

– Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, болашақ ұрпақ үшін биологиялық әркелкілікті сақтау – экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды басымдықтардың бірі. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс, оны ұдайы назарда ұстау қажет. Мемлекет басшысы 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл еліміздің орман қорын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Біз онсызда орман-тоғайы аз елдердің қатарындамыз. Сондықтан барымызды сақтап, елімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсаумыз керек. Алайда бұл саладағы жоспарлардың орындалу қарқыны жылдан жылға бәсеңдеп барады, - деді Премьер-Министр Олжас Бектенов. 

Олжас Бектеновтың сөзінше, 2021 жылдан бері қарай елімізде шамамен 970 млн көшет отырғызылған. Мұның өзінде олардың жер сіңіп кетуі есептеліп жатқан жоқ. Сонымен қатар тілсіз жаумен, адамдардың өрт қауіпсіздігін сақтамауынан орман алқаптарының көлемі қысқарып барады. 2027 жылдың соңына дейін тағы 1 млрд-тан астам көшет отырғызып, өсіру қажет. Бұл міндетті іске асыру толығымен әкімдіктердің сапалы жұмысына және министрлік тарапынан нақты үйлестіруге байланысты болмақ. Бірақ әзірге ондай жұмыс байқалмайды. 

– Әкімдіктердің санда бар, санатта жоқ ағаштар туралы күмәнді ақпарат беру фактілері кездеседі, сондай ақ жер сіңу көрсеткіштері туралы ештеңе айтылмайды. Мұндай көзбояушылықтың жолын кесіп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керек. Сонымен қатар орманды заңсыз кесу және өрттеу қорғау шараларын қабылдау қажет. Бұған дейін ұлттық саябақтар мен резерваттарда өртке қарсы іс-шаралар мардымсыз жүргізіліп келді. Оны өткен жылдарда орын алған алапаттар өрттер анық көрсетті. Орман ұйымдары оған дайын болмай шықты. Қазір елімізде орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды арнайы өртке қарсы жүйелермен, техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды, - дейді Олжас Бектенов.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив