Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетке опасыздық жасады және билікті басып алмақ болды деген айыппен сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тарту керек деген пікірмен келісті.
27 маусымда сотталған Мәсімовтің кешірім жасау туралы өтініші Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия да қаралды.
– Мәсімовке кешірім жасау актісін қолдану мүмкіндігін зерделеу нәтижелері бойынша комиссия мемлекет басшысына тиісті ұсыныс енгізді, мемлекет басшысы онымен келісті, - дейді Президент әкімшілігі.
Өтініш авторына қабылданған шешім туралы хабарланды.
Бұған дейін кешірім жасау комиссиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов мемлекетке опасыздық жасады және билікті басып алмақ болды деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовке кешірім беруден бас тартылғанын хабарлаған болатын.
Кәрім Мәсімов 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс «өте құпия» санатына жатқызылды. 2023 жылдың сәуір айының соңында Астана соты Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді, билікті және лауазымдық өкілеттікті асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды. Ол үкімді жоққа шығаруға тырысты, бірақ апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Ал, Мәсімовке қатысты 218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру) және 366-баптың 4-бөлігі (аса ірі көлемде пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.