Маралды мәселесі: Тағы бір сот болды. Екі жақ келісті


ЖАҢАЛЫҚТАР / МАҢЫЗДЫ / ӘР САЛА 24-07-2024, 13:21 0

2024 жылдың 18 шілдесі күні Күршім аудандық соты Маралды мәселесі бойынша тағы бір қылмыстық істі қарады.

Тергеу анықтағандай, оқиға өткен жылдың шілде айында болған. Маралды ауылының және Самар ауданының А. және Н. есімді тұрғындары ұйымдасқан түрде алтын өндіру фабрикасының КПП-сына шабуыл жасаған.

“А. бұзақылық ниетпен, қоғамдық тәртiптi бұзудың жолын кесіп жүрген күзетшілерге қарсылық көрсетіп, күзетшінің басқаруындағы автокөлікті тоқтатып алып, жүргізуші жақтын есігін ашып, әр түрлі балағат сөздер айтып, көлікте отырғандардың мазасын алып, жүргізушіні және көліктегі тағы бір адамды бірнеше рет жұлқылап, ұрып-соққан. Сонымен қатар,Н. бұзақылық ниетпен, тоқтап тұрған автокөліктің оң жақ жолаушы жағынан барып, есігін ашып, көлікте отырғандардың мазасын алып, қоғамдық тәртiптi бұзудың жолын кесіп жүрген күзетшілерге қарсылық көрсетіп, жолаушы орындығында отырған күзетшінің жағасынан алып, әр түрлі балағат сөздер айтып, бірнеше рет жұлқылап, ұрып-соққан”, деп жазылған сот қаулысында.

Маралдылықтарға ҚР ҚК 293-бабы 2- бөлігінің 1), 2) тармақтарымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айып тағылған болатын. Бұл бап бойынша  5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сот отырысы барысында айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. Екі жақтың ортақ мәмілеге келуін негізге ала отырып сот маралдылықтарды қылмыстық жауаптылықтан босатты.

 Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 11 шілдесінде маралдылық тағы алты адамға қатысты тура осындай сот отырысы өткен болатын. Ол жерде де қос тараптың келісімі және кешірімі негізінде  қылмыстық іс тоқтатылды.

Қазір фабрикаға шабуыл жасаған басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жауапқа тарту жұмыстары жалғасып жатыр

daryn

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив