14 маусым күні Катонқарағай ауданындағы ипподромда «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» атты түркі мәдениетін ұлықтайтын халықаралық музыка фестивалі өтеді.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өтетін «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестивальде өзіміздің және шет елдердің өнер жұлдыздары бас қосады. Кеште әйгілі «Музарт» тобы, Қобыланды Болат, Құралай Мейрамбек, «Абырой», «Тұран» топтары мен Әмре және басқа да танымал әртістер өнер көрсетеді. Шараны Әділ Ахметов пен Әмина Жұмамұрат жүргізеді.
Фестивальдің басты нышаны – Берел қорғанынан табылған көне Штандарт. Ол түркі халықтарының тарихы мен рухани мұрасын, бауырластығы мен мәдени тұтастығын бейнелейді. Шара барысында түркі елдерінің бірлігі мен бай мәдениетін айшықтайтын сахналық көріністер қойылады. Түрік, қазақ, қырғыз, әзербайжан, өзбек, татар, ноғай, башқұрт, саха секілді халықтар өз өнері арқылы ортақ тамырды жаңғыртады.
Фестиваль Алтайдың – түркі дүниесінің рухани бесігі екенін тағы бір дәлелдейтін тағылымды кеш болмақ.