Риддерде келешек мектебі ашылды

ЖАҢАЛЫҚТАР 10-06-2025, 10:21 0

Осы жылдың сәуірінде Риддер қаласында 600 орындық жаңа жалпы білім беретін мектептің құрылысы аяқталып, ресми түрде пайдалануға берілді. Бұрынғы екі бірдей есік мектептің орнын басқан жаңа мектеп Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Жаңа мектеп 1935 жылы салынған №12 орта мектеп (қызмет ету мерзімі – 90 жыл) және 1938 жылы салынған №9 негізгі мектеп (қызмет ету мерзімі – 87 жыл) ғимараттарының орнына салынды. Бұрынғы ғимараттардың техникалық жағдайы апатты деп танылған болатын. Қазіргі уақытта жаңа мектепте 530 оқушы білім алуда.

Риддер қаласында жаңадан бой көтерген №12 жалпы білім беретін мектеп те – «Келешек мектебі» жобасының нәтижесі. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктар қарастырылған. Әр блокта оқу кабинеттері, санитарлық тораптар және спорт залдары бар.

Жаңа білім беру мекемесінің жалпы ауданы стандартты мектептерге қарағанда 20%-ға кең. Бұл оқу кабинеттері мен қосымша бағыттағы бөлмелерді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Мектепте барлығы 26 оқу кабинеті, 2 робототехника кабинеті, STEM зертханасы, инклюзия, визуалды жобалау және графика кабинеттері, 3 шеберхана, 1 ойын бөлмесі бар. Сондай-ақ 130 орындық заманауи жабдықталған акт залы, электронды кітапхана, медициналық пункт, хореография залы және екі спорт залы, 150 орындық асхана оқушылар мен педагогтар игілігіне пайдалануға берілді.

Мектеп кеңістігі жас ерекшелігіне қарай бейімделген: бастауыш, орта және жоғары буын оқушыларына арналған жеке коворкинг аймақтары жабдықталған. Бұл шешім білім алушылар мен педагогтерге ыңғайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету мақсатында мектепте инклюзия, сенсорлық кабинеттер, логопед, психолог және әлеуметтік педагог бөлмелері қарастырылған. Қозғалу мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, тірек-қимыл аппараты бұзылған (ДЦП диагнозы бар) Криштоп Тимофей есімді оқушы мектепке орнатылған лифттің көмегімен өздігінен қатынайды. Бұл инклюзивті орта құру бағытындағы жұмыстың нақты нәтижесі болып табылады.

Білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы жабдықталған робототехника кабинеті мен STEM зертханасы жұмыс істейді. Бұл кабинеттерде оқушылар пәндерден алған теориялық білімдерін тәжірибе арқылы бекіту мүмкіндігіне ие.

Сонымен қатар, мектеп аумағында әмбебап спорт алаңдары, жас ерекшеліктеріне сәйкес бірнеше ойын алаңы мен жарыстар өткізуге арналған стадион салынған.

Аталған білім беру мекемесі оқушыларға сапалы білім алуға, жан-жақты дамуға және қауіпсіз, қолайлы ортада тәрбиеленуге толық мүмкіндік береді. Жаңа мектеп педагогикалық ұжымның, ата-аналардың және білім алушылардың оң бағасына ие болды. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған ресурстық орталық, кітапхана, акт залы және футбол алаңы қарастырылған. Мектеп асханасы 178 орынға лайықталған. Балалардың денсаулығын сақтау үшін ауызсу фонтандыры орнатылып, трансформер-парталар пайдалануға берілген. Әр қабатта оқушылар үшін тынығу бұрыштары жабдықталған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі мен дабыл түймелері орнатылған.


 

 

 

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив