ШҚО-да жол бойындағы тозған дәретханаларды субсидиялау тоқтатылады

Қазіргі уақытта жол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстау үшін жеке кәсіпкерлерге ай сайын 83 300 теңге көлемінде субсидия бөлінеді.
«Туризмді дамытудағы заманауи тәсілдер» конференциясы барысында ШҚО Туризм және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит талапты орындамаған жеке кәсіпкерлердің бұл мемлекеттік қолдаудан айырылып қалуы мүмкін екенін ескертті.
Ирина Смиттің айтуынша, саяхатшылар тарапынан жол бойындағы әжетханалардың жағдайына байланысты үш рет шағым түссе, субсидия төлеуді тоқтатуға жеткілікті болады.
Биыл Шығыс Қазақстанның Туризм және инвестициялар басқармасы жеке кәсіпкерлермен бірлесіп, санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату бойынша нәтижелі жұмыс жүргізді. Әжетханалар туроператорлардың ұсыныстары негізінде, дәл қажетті орындарға қойылды. Бүгінде облыста 42 жол бойындағы санитарлық-гигиеналық торап бар, олардың оны 2026 жылы орнатылған.
Олардың жағдайы көбіне кәсіпкерлерге байланысты. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз, қызмет көрсетуге келісімшарт жасасамыз. Шығындарды өтеуге арналған мемлекеттік қолдау шарасы бар. Биыл біз қатаң бақылауды қарастырдық. Егер санитарлық-гигиеналық торап жағдайына қатысты үш рет нақты шағым түсетін болса, онда субсидиялауды тоқтатамыз, — деп баса айтты Ирина Смит.
Осылайша, жол бойындағы әжетхананың ашық болуы, онда жарық пен судың болуы, ішінің тазалығы енді облыстық Туризм және инвестициялар басқармасының ерекше бақылауында болады.



