«WorldSkills Shygys 2025» аймақтық чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
13-15 мамыр аралығында 28 колледжден 170-тен астам студент Өскемен қаласындағы Құзыреттілік орталықтары мен жетекші колледждерде өз шеберліктерін көрсетті. Қатысушылардың жұмыстарын өңірдегі кәсіпорындардың білікті мамандары бағалады.
«WorldSkills Shygys 2025» чемпионатының мақсаты өңірімізде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, кәсіптік білім беру жүйесін дамыту.
– Бүгін біз осы залда болашақ маман иелері, көшбасшыларымыз бас қосқан осынау үлкен іс-шарада жиналып отырмыз және осы чемпионаттың жабылу салтанатында өздеріңізбен бірге кездесіп отырмыз. Биылғы жыл Мемлекет басшысының бастамасымен Жұмысшы мамандықтар жылы болып есептеледі. Осы бағытта Президентіміз әрқашан қандай мамандық болсын, қандай жұмыс иесі болсын ол құрметтеуге лайық екенін әрдайым айтып өтеді. Кез келген маман өз ісінің шебері болса мақтауға тұрарлық. Осында отырған тәлімгерлерге, мұғалімдеріңізге осынау үлкен жұмыс жүргізгені үшін рақметімізді айтамыз. Біз сіздерге сенеміз және үлкен жеңістер күтеміз, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Байқау қорытындысы бойынша, «WorldSkills Shygys 2025» аймақтық чемпониатында Өскемен жоғары политехникалық колледжі жеңіске жетті. 2-орынды Риддер колледжі, 3-орынды Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Шығыс Қазақстан облысы әкімінің және чемпионат демеушілерінің атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, аймақтық чемпионаттың жеңімпаздары қараша айында Астана қаласында өтетін «WorldSkills Kazakhstan 2025» республикалық чемпионатында бақ сынайды.