Өскемен әкімі 100 жастағы тыл еңбеккеріне құрмет көрсетті

ЖАҢАЛЫҚТАР 8-05-2025, 14:30 0

Өскемен қаласының әкімі тыл еңбеккері Александра Михайловнаны 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.

6 мамыр күні Өскемен қаласының тұрғыны, тыл еңбеккері Александра Данилова ғасырлық мерейтойын атап өтті. Ол – жастайынан ел басына күн туған шақта ауыл шаруашылығына белсене араласып, Отанға шын ниетімен қызмет еткен жанның бірі. 

– Бүгін мерейтой иесін құттықтап, естелік сыйлығымды табыстадым. Сонымен қатар, оған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын тапсырдым. Александра Михайловнаға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық пен жүрек жылуын тіледім, – дейді қала әкімі Алмат Ақышов. 

Александра Михайловна 1925 жылы Самар ауданына қарасты Чистояр (қазіргі Сарыбел) ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың қақаған қысында, небәрі 16 жастағы бойжеткен бір айдың ішінде трактор айдауды меңгеріп, жұмысқа кіріседі. Содан бастап оның өмірі тынымсыз еңбекпен өтті: күндіз – егістік алқабында жұмыс, түнде – астық тазалау, шөмеле салу, қолмен орақ ору.

Александра Данилова өзі айтқандай: «Әрбір масақ – жауға соққы!» деген ұранмен еңбек еткен. Жеңіс күнін де трактор тізгінінде қарсы алып, соғыстан кейін де туған жердің алқабын тастамаған. 

Ұлы Жеңіске қосқан қажырлы еңбегі мен табанды қызметі үшін Александра Данилова «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив