Отан қорғаушылар күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде кент тұрғыны, тыл еңбеккері Мұрат Қалиасқарұлы Ожановты 7 мамыр мерекесімен және Жеңістің 80 жылдығына орай құттықтады.
Мұрат Ожанов 1933 жылы 12 желтоқсанда Зайсан ауданының Байгөбек ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Өз өмірін білім саласына арнап, Дайыр ауылындағы «Мукарама» мектебінде 40 жыл бойы география мен биология пәндерінен сабақ берген. 1970 жылы оның бастамасымен мектепте өлкетану мұражайы ашылып, туған өлкені зерттеу үйірмелері ұйымдастырылған. Ұстаз, әке, ата және ардақты баба Мұрат Қалиасқарұлы Ожановтың отбасы бүгінде Қасым Қайсенов кентінде тұрады.
Білім саласындағы еңбегі үшін ол Қазақ КСР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапатталған, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50, 60 және 70 жылдық мерейтойлық медальдарының иегері.
Облыс әкімі Мұрат Қалиасқарұлы Ожановқа «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» медалін табыстап, ардагерге ерекше еңбегі, Шығыс Қазақстандағы білім мен өлкетануға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.