Әскери-спорттық ойынның жеңімпаздары анықталды – ШҚО

ЖАҢАЛЫҚТАР 6-05-2025, 10:10 0

Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімі базасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Алау» әскери-спорттық ойынының облыстық финалы өтіп, үздік шыққандар марапатталды.

Патриоттық рухты көтеріп, оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған бұл жарысқа облыстың әр аймағынан келген 12-14 жас аралығындағы 7–8 сынып оқушылары қатысты. Олар саптық дайындық, патриоттық әндер байқауы, спорттық жаттығулар, тарихи-өлкетану жобаларын қорғау сияқты түрлі сынақтарда өз шеберліктері мен білімдерін көрсетті.

Сондай-ақ АК-74 ММГ қаруын бөлшектеп, қайта жинау бойынша да шеберлік көрсетті.

– Біз үшін жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне үлес қосу – үлкен мәртебе. «Алау» сияқты әскери-спорттық ойындар жасөспірімдерге жауапкершілік пен тәртіпті, бірлік пен батылдықты сіңіруге көмектеседі. Бүгінгі балалар – ертеңгі ел қорғаны. Сондықтан біз мұндай іс-шараларды үнемі қолдап, өз базамызда өткізуге дайынбыз. Жастардың бойынан елген деген шынайы сүйіспеншілік пен әскери дайындыққа деген қызығушылықты көріп, қуанып отырмыз, – деді әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Азамат Жұмағазиев.

Сайыс нәтижесінде Тарбағатай ауданынан келген «Жас сарбаз» командасы үшінші орынға табан тіресе, жүлделі екінші орынға Риддер қаласынан келген «Сұңқар» командасы ие болды. Ал Алтай ауданының «Сұңқар» суырылып алға шығып, жеңіс тұғырынан көрінді. 

Шараны облыстық білім басқармасының «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы» ұйымдастырған.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив